19 Наурыз, 2018

Назарбаев мектептерінің наурыз кездесулері Астана сәулетіне арналды

520 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биыл Назарбаев зияткерлік мектептерінің дәстүрлі наурыз кездесулері Астана қаласының айшықты сәулетіне арналып отыр. Яғни, сегізінші мәрте өткен наурыз кездесулері елорданың 20 жылдығы мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің құрылғанына 10 жыл толуы аясында ұйымдастырылды. 

Назарбаев мектептерінің наурыз кездесулері Астана сәулетіне арналды

Бүгінде ойы озық оқушылар үшін ғылыми алаң ретінде қалыптасып үлгерген кездесуге 200-ден астам оқушы қатысты. Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы басқосу National geographic түсірген «Астана – болашақтың қаласы» фильмінің көрсетілімімен басталды. Сондай-ақ астаналық өнерпаз оқушылар еңселі елорда бейнесін айшықтаған «Astanaland» мюзиклін ұсынды.

Наурыз кездесулерін ашқан Назарбаев зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова Астананың қалыптасу тарихына тоқталып, елорданың еңсесін тіктеудегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерекше екенін атап өтті. Күләш Ноғатайқызының айтуынша, 1994 жылы ел астанасын Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданғанда қала халқы небәрі 290 мың адамды құраса, жылдан жылға жылдам қанат жайып, жайнай түскен жаңа қалада қазір 1 миллионнан астам халық тұрады. Күн сайын Астанада 75-80 сәби дүниеге келеді. Қала келбеті де түбегейлі өзгеріп, заманауи инфрақұрылым қалыптасып үлгерді. Қазір ұзындығы 1049 шақырымды құрайтын 953 көше бар, қала аумағы 500 шаршы шақырымға ұлғайды. Астананың Арқа төсіне ауысуы ел экономикасының да қарқынды дамуына ықпал етіп, адами капиталдың артуына жағдай жасады.

«2008 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев тағы бір тарихи шешім қабылдады. Сол жылы 12 наурызда Қазақстанда жаратылыстану-математика бағытындағы 20 зияткерлік мектеп құруға тапсырма берді. Бұл ұлттың зияткерлік әлеуетін тәрбиелеуге мүмкіндік беретін білім саласындағы серпінді жобаға айналды. Алғаш рет Астана қаласында физика-математика бағытындағы мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Қазір барлық өңірді қамтыған 20 зияткерлік мектепте 15 мыңға жуық оқушы оқиды. Бүгінге дейін 5660 түлек қазақстандық және шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында оқып, туған елі мен жеріне қызмет етуде» деді К.Шәмшидинова.

Аталған шараға Италиядан арнайы келген профессор, «Sergio Ferrandi Bureau» бас сәулетшісі Серджио Ферранди смарт-сити жобасы туралы әңгімеледі. Ол грек ойшылы Платондардан бастап адамзат баласы қала тұрмысын қалай қолайлы етуге болатыны жөнінде ой кешіп келе жатқанын, қазіргі уақытта ірі шаһарлардың дені смарт жүйеге көшіп жатқанын атап өтті. Италиялық сәулетшінің айтуынша, бүгінде халықтың 85 пайызы қалада тұрады. Сондықтан қалада қызмет көрсетудің өте ыңғайлы болғаны жөн. Өйткені қаладағы көлік ағыны, ластану деңгейі туралы ақпараттарды алып қана қоймай, аталған мәселені шешуде оны үкіметтік органдарға жіберу өте өзекті. Осы орайда «ақылды қала» жүйесін тиімді пайдалана білген абзал. Мәселен, ақылды қалалар интернет дүниесін тұрғындар үшін қолайлы әрі орталықтандырылған инфрақұрылым құруға пайдаланады. Бұл инфрақұрылымды жақсартуға, көлік кептелісін шешуге, мобилді және қауіпсіз қоғам қалыптастыруға, сондай-ақ тұрғындар денсаулығын жақсартуға, жасанды интеллект ортасын түзуге оң ықпалын тигізеді. Оның айтуынша, кейбір елдер бұрынғыдай электр қуатына үнемі қосылып тұруды қалайды. Бірақ электр қуатын түрлі секторда пайдаланудың сараптамасын жасау арқылы оны тарату желісін оңтайландыруға болады. Соның нәтижесінде электр қуатының таралымы мен үнемді пайдалануы жақсара түседі. «Қазақстан ақпараттық және инновациялық технологиялар саласында айтарлықтай жетістікке қол жеткізіп отыр. Астана бүгінде өмір сүруге қолайлы қалалар қатарына енді. Әлеуметтік нысандар мен жол-көлік қозғалысы, ақылды инфрақұрылым құру, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға жағдай жасалды», деді С.Ферранди.

Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы дизайн факультетінің профессоры, архитектура докторы Ләззат Нұрқышева дизайндық жобалауда смарт жүйесін қолдану өте ыңғайлы екенін, қазір студенттер осы технология бойынша өздерінің түрлі жобаларын жүзеге асырып жатқанын жеткізді. Осы технология арқылы жастардың қаланы ластамау, жиналмалы жиһаздар жасау, көлемі шағын пәтерлердің сыйымдылығын арттыру, ас үй жиһаздары мен жабдықтарын орналастыру, көпқабатты ғимараттағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тасымал құралы және жаттығу залдарын түзу, жылжымалы тұрғынжайлар жасау сияқты түрлі жобалары мобилділігімен, экологиялық қауіпсіздігімен, қолайлылығымен ерекшеленетінін атап өтті.

Наурыз кездесулері аясында оқушылар Астананың сәулетіне сәулет қосатын 90-ға жуық жобаларын таныстырды. Бұл жобалар елорданы жоғары технологиялы, ақылды, футуристік, таза, жасыл, балалар және инклюзивті қала ретінде көргісі келетін балалардың ұшқыр қиялы мен білім-білігін паш етеді. Мәселен, атыраулық 10 сынып оқушысы Арсений Кан көшелерді жарықтандырудың баламалы мүмкіндігін ұсынады. Оны қала көшелерінде, жерасты кеніштерінде, мұнай платформаларында, зауыттарда пайдалануға болады. Ал Ақтау қаласынан келген 11 сынып оқушысы Назерке Аманқосованың жобасы Астанаға инженерлік және архитектуралық технологияларды тұрғын үй кешенінде тиімді пайдалануға ой салады. Айталық, үйдің жоғары бөлігіне жылыжай, төменгі қабатына автотұрақ және қалдық суды қайта өңдеу технологияларын орнату, коммуналдық тұрғыдан қала орталығынан тәуелсіз ету, кәсіпкерлік нысандарын орналастыру, экологиялық көзқарас қалыптастыру, қауіпсіздікті басқару сынды көптеген ерекшеліктерімен тартымды.

«Болашақ қаласы: елорда сәулеті» атты биылғы Наурыз кездесулерін еліміздің 3 жоғары оқу орны, атап айтқанда, Назарбаев университеті, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қолдап отыр. Сондай-ақ аталған шараға халықаралық деңгейдегі «Мобетекс групп» сәулет-құрылыс корпорациясы, BI group, Тұңғыш Президент кітапханасы, Қазмедиа орталығының медиа мектебі, «Астанабасжоспар» ғылыми-зерттеу жобалау институты да атсалысуда. Кездесуге қатысушылар Астананың әйгілі сәулеттік нысандарын аралап көріп, елорда ғимараттарын жобалаған белгілі сәулетшілермен жүздесті.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»